Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Астана-Зеленстрой» ЖШС бас директоры Айбар Наурызәліге қатысты пара алу дерегі бойынша қылмыстық істі тергеуді аяқтады, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Наурызәлі биыл 2 қыркүйекте «Табиғат НС Сервис» ЖШС директоры С. Карловадан Астана қаласының Алматы және Есіл аудандарын көгалдандыру бойынша Мемлекеттік сатып алу туралы шарттар бойынша орындалған жұмыстар актілеріне кедергісіз қол қойғаны үшін 9 миллион теңге сомасында ақшалай қаражат алды деп күдіктенеді», — делінген хабарламада.
Антикор мәліметінше, Наурызәліге тағылған айыптар арнаулы жедел іздестіру іс-шарасы, жасырын тергеу әрекеттерінің материалдарымен, куәгерлердің айғақтарымен және т. б. расталады.
«Наурызәліні ҚР ҚПК-нің 128-бабы тәртібінде процестік ұстау кінәні толық мойындауға байланысты қолданылмады», — делінген хабарламада.
Оның кінәсі туралы қорытынды шешімді сот қабылдайды.