Сонау студент жылдарынан әдебиеттің есігін ашып кіріп, бүгінде мүйізі қарағайдай қазақ қаламгерлерінің жоғары бағасын алған, роман жазудың жаңашыл тәсілдерін тапқан жазушы Қанат Әбілқайырдың шығармашылығы соңғы жылдары көп талқыланып келе жатыр. Оның сиясы әлі кеппеген «Ағыраптағы аты жоқ адам» романы жазушыны жаңа қырынан танытты.
Романға алғаш пікір білдіріп, лайықты бағасын бергендердің алды – Амангелді Кеңшілікұлы. Белгілі сыншы бүгінгі күннің шындығын жеткізген романды асқан ықыласпен оқып шыққанын айтты.
«Романды оқу барысында автордың тақырыпты жан-жақты зерттегеніне көзің жете түседі. Баспанасын қорғаймын деп тағдыры тәлкекке түскен бір адамның өмірі арқылы бүкіл ұлттың трагедиясы баяндалады. Адам өмірде ізін қалдыру үшін теңіне қосылып, шаңырақ көтеріп, ұрпақ сүюге тиіс. Ал осындай нығметтердің бәрінен айрылған пендені артына із қалдырған, аты бар адам деуге бола ма? Бас кейіпкердің мына жалған дүниеден тұрақ таба алмай, шерменде күйге душар болуына кімдер кінәлі? Автор мұндай күрмеуі күрделі сұрақтың жауабын іздеуді оқырман еншісіне қалдырады», – дейді сыншы А.Кеңшілікұлы.
Ал жазушы Жадыра Шамұратова романның басты кейіпкерінің атсыз болуы жайдан-жай емес, символ екенін атап өтті. Сол атсыз адам өзіміз де болуымыз мүмкін екенін жасырмады.
Тағы бір белгілі жазушы Дәурен Қуат Қ.Әбілқайырдың бұл еңбегін роман-реквием деп бағалады.
«Бастап кетсең болды, басыңды көтере алмай оқуға мәжбүрлейтін келісті әңгіме, қилы-қызық хикая, тынысы кең, ойы терең, оқиғасы күрделі романдар болады. Жазушы Қанат Әбілқайырдың «Ағыраптағы аты жоқ адам» атты романы да сондай алдыүзік, шыға шаппа шығармалардың сойынан екенін сенімді түрде айта аламын», – дейді жазушы.
Әр ұлттың, әр халықтың басында жеке қайғы, жетім