Аустралия ашық чемпионатының басталуын асыға күтіп отырмын. Бұл туралы қазақстандық теннисші Зарина Дияс мәлімдеді, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» Қазақстан теннис федерациясына сілтеме жасап.
З.Дияс қатаң карантинде жатқан теннисшілердің қатарында жоқ екенін айтты.
«Мен кесте бойынша жаттыға аламын. Бізді бекітілген кестеге сәйкес бірнеше сағатқа кортқа жібереді. Аустралия ашық чемпионатының дайындығы жақсы өтуде. Australian Open алдында 31 қаңтар мен 6 ақпан аралығында өтетін тағы бір жарысқа қатысамын. Әзірге қай турнир екені (Gippsland Trophy немесе Yarra Valley Classic) белгісіз. Бұл турнирге ойыншыларды жеребе бойынша ма, әлде рейтинг бойынша ма, қалай бөлетінін білмеймін», деді З.Дияс.
Заринаның спорттық жолындағы маңызды белесі осы Аустралия ашық чемпионатымен байланысты. 2014 жылы 20 жастағы З.Дияс үшінші айналымға дейін жетіп, оның рейтингте жоғары көтерілу жолы басталған болатын.
Ал өткен жылы Қазақстан тарихында тұңғыш рет үш бірдей теннисшіміз «Үлкен дулыға» турнирінің үшінші айналымына өтті. Биыл да қазақстандық спортшылар барын салатыны анық. Дегенмен қатаң карантинде жатқан Юлия Путинцева мен Елена Рыбакинаға мұндай шектеу оңай тимейтіні сөзсіз.