«Қазақ әдебиеті» апталығының оқырманы елеңдей күтіп отыратын «Әкеге хат» айдарынының бүгінгі қонағы белгілі жазушы Дидахмет Әшімханұлының қарашаңырақ иесі Дәулет Әшімхан болып отыр. Дидахмет Әшімханұлын әдеби орта, өзінен кейінгі толқын Дидаға деуші еді. Дидағаңның қаламынан туған әр шығармасын оқырман қауым іздеп жүріп оқитын. Әсіресе, жастар жағы Дидахмет Әшімханұлының сөзін тыңдап, ой бөлісуге құмар еді. Қаламгердің жазған шығармалары мен ізгі жолы кейінгіге үлгі-өнеге екенін осы бір шағын да шымыр хаттан да аңдайсыз!..
Дәулет ӘШІМХАН, «Ел—шежіре» қоғамдық қорының президенті
Әке, сіздің өмірден өткеніңізге биыл бес жыл. Осы бес жыл менің қасымда болмасаңыз да, сіздің өмір бойы жинаған абыройыңыз бен беделіңіз маған әлі көмектесіп келеді. Қайда барсам да «Дидахметтің ұлы екенсің ғой» деп жылы қабақ танытып, бәрі де қол ұшын созуға дайын. Кей жерде атыңызды айтсам болды, жолым ашылып сала беретіні бар. Сізді атаған кезде адамдардың жүздері жадырап, сөздері жұмсарып шыға келетінін көрсеңіз ғой, өзіңіз де таңғалар едіңіз. Тіпті сізді өмірде көрмесе де шығармаларыңызбен жете таныс жандар көп, есіміңіз елдің жадында. Осының бәрі өзіңіздің табанды еңбегіңіздің және өмір бойы «адамгершілік» деген принциппен жүргеніңіздің арқасы екені анық. Ал «адамгершілік» принципімен өмір сүру өте қиын екенін әркім біледі.
Әлі есімде, қиындығы қат-қабат келген 1990-жылдары майға сұққан жез қасықтай жылпылдаған кейбір кісілердің сізді алдап кеткен кездері болған. Сонда кішкентай болсам да сіздің аңқаулығыңызға, сенгіштігіңізге ренжитінмін. Әсіресе ,«Бұйырғаны болады», «Бәрі рет-ретімен» деген сөздеріңіз менің ашуымды келтіретін. Есіңізде ме, бірде саяжайдан үй сатып аламыз деп бірталай жерді араладық. Содан біреуіне қызығып, оны аламын деп иесіне уәде бердіңіз. Сәл төмен түсе бере тағы бір саяжай көзге шалынды. Бағанағы үйге қарағанда әлдеқайда жақсы және жолға жақын екен. Сол үйді алайық дегенімде: «Мен жаңағы кісіге сөз беріп қойдым, енді алмасақ, ұят болады», – деп жауап берген едіңіз ғой. Жан-жақтан қаншама айтсақ та көндіре алмадық. Қазір ойлап қарасам, соныңыз дұрыс екен.