«Ақтастағы Ахико» спектаклінің премьерасынан көп уақыт өтпесе де, оны талқылаған пікірлер мен талдаулар жазылып, айтылып жатыр. Танымал журналистер мен әдебиетшілер спектакльдің артық-кемшіліктеріне тоқталып, баспасөз беттерінде жылы лебіздерін білдірді. Солардың ізін суытпай, жас әдебиетші Күлтегін Аспанұлы жан-жақты ғылыми талдау жасады. Спектакльдің көркемдік әлеміне шолуды оқыңыздар!
«Әлі-ақ туар әділеттің ақ таңы»
Кейуана
Тарих даңғылынан өткен қалың көш ішінен сән-салтанаты жарасып, жібек-зүбәржәт жамылған әшекейлі арба-күймелер мен жантүршігерлік азаптың айқайы, оңып-тозған портреттер сығалап тұрады. Тарихи сананы қайта түзеу ісі – кез келген белім бекем болсын деген елдің негізгі уәзипасы. Дүр дәуірдің ғазиз ғасырға өз бұйрығы мен сыбағасын үлестірілгені лауқұл мақсұттан мәлім іс. Көп жұртқа шүлен таратқан Тәңірі жазғаны бұлжымас кепіл заңы. Сол көп жұрағаттың ішінде көктүркіден көгеріп-өнген қазақ халқының арғы-бергі тарихының көбі әлі күнге ашылмаған жұмбақ күйінде. Байтақ тауарихта игерілмеген тақырып, көбесі сөгіліп іздеушісін таппаған дүние тағы «көп». Қасірет не мамырстан шақ, бәрібір, ұлт өткенін алаламай туралықпен, зор ықыласпен, махаббатпен тануы тиіс. Бұл оның табиғи құқы. Ұлт пен ұлыстар басынан өткерген уақиға оқшау болуы мүмкін емес, бар әрекет адамзаттың ортақ мұхитына барып құяды. Табиғат – компоненттердің максимумдық үйлесім картинасы, компонент дегеніміз барлық сөз таптарын қамтиды.
Мағжанның қапастағы қалін танып, көрсеткім келеді деген бір ағамның тілегі келеді ойға. Иә. Өткенін танымай болашаққа алшаңдап бару қатерлі. Тағдырдың салғанынан тұқымы сең соққандай күйреп, қара жерге судай сіңіп кете жаздаған үмітшіл ұлттың бағын баптап, көшін түзеген Ақиқаттың ақтығына күмән жоқ. Ақ Құдайға жақ.
Азып-толған он екінің бірі ақыраптың айналасы қазақ қайтқанымен қайта қауышқандай, қаймығып-қуанып «қорқынышы мен қуанышы бірдей» ерекше күй кешті. Бұдан өзге реакция күту бекер. «Қазақфильм» «Анаға апарар жол» фильмінің қасиетін ұқтырып, Әкемтеатр «Ақтастағы Ахиконың» қазақпен-адамзатпен жапсарлас тағдырын танытты. Үлкен шаруа. Тоқмейілсуге болмас, осы қызумен қаузау-ізденіс жалғануы тиіс. Бүгінгі сөз «Ақтастағы Ахиконың» ақжарма жан әлеміне арнаулы әңгіме. Жан азығы тірек қазығына айналған, ойкөзі сезгіш көрушіні күйінішке бөктіріп, көңілін көбіктеткен қойылымды пессимизмге балап, еңсені езгіш деу қата тұжырым. Жоғарыда айтқандай, көрген құқай-қорлығы мол, қаскөй үлбі үріп томпайтқан дәуір дорбасын арқалаған арқалы халықтың трагедиясын басқы сапқа түзу заңды.
Тарихи сана тайқазанын қайта қалыптап, қақпағын құю – мәдениеттің еншісі. Жалаң ақпараттандыру жан-ділмен сезіну сызығына жеткізбесі анық – тым шабан. Кісі жалқы әлемімен өткен-алдыңғысы, іші-сыртын, асты-үсті мен сырт-айналасын ұғынуында Өнердің жәрдемі өлшеусіз. Әдебиет, театр, бейнелеу, ән-күй мен би… бәрі-бәрі «Бір атаның балалары». Жанды ағзаның қай бөлігі дертті болса, бар бөлшегі бірге болысып, күреседі, медеті сарқыса қосыла сырқырай ауырады, бір бөліседі. Мәдениеттің де мәнері сол әуез.
Осы тұста Алаш қайраткері С. Сәдуақасовтың «Театр – жанды кітап. Кітаптан театрдың өрісі кең. Кітап – жалғыз хат танушылардың қаруы, театр – көпшіліктің қаруы» деуі көңілге қонымды, ситуация шындығын ашады. Рухани мазмұн жағынан толысуды қажетсінетін ауыр да ажарлы жанр – драматургияны «әдебиеттің бекзадасы» деп бойсұнған қаламгер Мадина Омарованың «Ақтастағы Ахикосы» – жаңа олжа. Адалдың арқаны ұзын. Ахиконың сенімі – ішкі күші. Сеніміне адалдығы. Автор бірде «Ұлттың шаршауы этникалық құндылықтарын, рухани базаларын жоғалтуымен айқындалады, өмірге құштарлықтың, жаңаруға, өркендеуге ыждыһаттылықтың болмауы – бүкілұлттық сипат алатын болса, әрине, қорқынышты картина» дегені пьесаның өткен мен бүгінгі мәнін аңғартса керек-ті.
Режиссер Асхат Маемеров пен драматург Мадина Омарованың шығармасына арқау болған жазықсыз жандардың жапа шеккен жартыкеш талмауыр тағдырлары. Кеңестік ауданы кең, ауаны тар темір шарбақтың ішіндегі мүшкіл хәлдер. Тауарихтың қан жұққан, тотыққан сарғыш парақтарында 1932 жылы Лагерьлер бас басқармасы құрамындағы еңбекпен түзеу лагерьлерінің саны 11-ге жеткені, ал 1944 жылы 58 лагерь және 424 еңбекпен түзеу колониясы қатаң режимде жұмыс жасағаны айтылады. 1930 жылы құрылған КАРЛАГтың он жылдан соңғы «бағындырған биігі» – Лагерьлер бас басқармасы құрамындағы «ең ірі құрылым» статусы. Сөйтіп аз уақыт ішінде Карлаг ең үлкен және әйгілі лагерьлердің қатарынан саналған. 1939 жылы ІІХК-ның 42 лагері арасында Карлаг тұтқындар саны жағынан 9-шы орынға ие болды, яғни – 35 мың 72 өлімші жүрек иелері. Ал бұл кезде лагерь контингенті саны 1 млн 668 мың 200 адамға жеткен еді. Әрине, бұл бір ғана жиырмажылдықтың статистикасы.
Бұл қасап қамытын жалғыз қазақ емес, жат ата ұрпақтары да киіп көрген. Әлемді өзіндік өткеніне үңілтіп, мұңын бөліскен сәтті туындылардың батыс жұртында дәстүрлі мектебі қалыптасқан. Ұлттық мінез талғамай көптің көңілін ақтарған «Облава» («Le rafle», 2010), «Мальчик в полосатой пижаме» («The boy in the stryped pyjamas», 2008), «Список Шиндлера» («Schindler’s List», 1993), «Пианист» («The Pianist», 2002), «Побег из замка Колдиц» («Colditz», 2005), «Суд над богом» («God on Trial», 2008), «Жизнь прекрасна» («La Vita e bella», 1997) фильм-спектакльдерінің жетістіктерін кәдеге жарату – дұрыс байлам. Бір қызығы барлығына ортақ белгі, теңдей финиш – өмірге оралу концепциясы.
«Жаңа туған сәбиден бастап еңкейген егде кемпір-шалға дейін шемірікпестен жұтатын» Карлагты «Ажал машинасы» деп Ақиқат тарапынан айыптайтын Ахико Тецуро рөлі өз ойыншысын тапқан. Тұтқындар ішінен Ахико бейнесі – Д. Ақмолданың ойыны қойылымның қайталанбас актерлік жеміс-көркі. Оның ойнауында өткізгіштік коэффициенті жоғарылай түседі. Сезім-күйді көрушісіне тез әрі нанымды сіңіреді. Ішкі диалектикалық қайшылықтарды дәл ашу – оның әдеті. Зымыстан боранды шақтың шиыр-шиыр суреттері сана сәулесін тауысып тастамақ. Алыстағы арман мен таяу тұрған тажалдың қайсы жарылқайды?!
Конфликт – өздігінше тумайды, өмірдің әр деңгейлі, дұрысы әр түрлі кейіпкерлердің күрес үстінде көрінетін, көпқырлы характерлерді ашатын күш. Ол – драмалық әрекеттің сюжеттік серіппесі, жаны, тамырсоқтырар саф тынысы. Характерлер қақтығысы қоғам-уақыт құбылысын танытуы тиіс. Бұл ретте Ахико мен Ахмет – мұраттас, рухтас жандар, жендеттердің жанжеміргіш зор тәбеті; алапиғыл Степанның «эгоизмі»; жазықсыз ұлдарына жауапты әкелер (Сәдуақас, Сейфолла); үнемі «сауатсыз», «сорлы» деп сөгіс еститін әнші-ақын, өнерпаз қазақ жігіттері; тоқсанның үстінде «лагерь директорына кәрін төккен» абыз-ақсақал мен «өшкені қайта жанған» қарт кейуана… бәрі-бәрі коллизияның (идеялар қайшылығы) қанат жаюына жағдай туғызады. Конфликтінің өмірлік не жасанды болуы, не оның қоғамдық мәні, типтілігі, – барлығы идеялық-көркемдік жағынан талдауға кіреді. Өмір шындығының қай дәрежеде суреттелгендігін белгілеуге көбірек көңіл бөлген жөн. Соқтығыстар әркез жаңа типтің, айқын күйлердің аралық жаңа халін тудырмаушы ма еді?! Дәл сол ізбен айтылған образдар орта жолда тұралап қалмай әрекетте әлденеше рет бояуын қанықтыра түседі. Бұл пьеса көркемдігіне қатысты. Оның тіріліп, аяқ-қолын бауырына аман-есен жиюы бөлек әңгіме. Шамасы, «көкжиектен қылтиып шеті көрінген тағы бір образға жан бітіргісі келетін» ізденгіш, аңғарымпаз автор кейіпкерді актерге арнап жазған болу керек. Қай кейіпкер кімнің еншісіне бұйыратынын білгендей-ақ.
Персонаждар жүйесі барынша жинақы, шашауы жоқ. Қарт даланың жас өркенін қынадай қырып, орталағаны мен қариясының көңілін құсадан кептірген қанқасап қызыл жағалылар – зұлымдық символы. Қондырма идеяны сүйретіп жазудың шарттылығы деп білетін жағымды-жағымсыз жіктелімі тарихи тақырып болғандықтан өз жанын жоғалтпаған. Бұл – заңды да. Құдық құлқыны үшін адамтөзгісіз азапты қолдан туғызу – ақтауға келмейтін, лажсыз қалыпқа салуға тура келетін қылмыс. Бірдің емес – мыңның тағдыры. Елдік мұрат, жұрт обалы турасында әңгіме қозғала қалса, айыпты тараптың айқындалуы шарт. Әдебиет – түпнұсқа. Түйені қазанға, батырды қабірге түсірген қызыл көздің қанқұштар ісін кім сүйсін, кім ақтасын?!
«Амалы жетсе ақылы жетпей, ақылы жеткенге амалы жетпей айнала толы ақылды дұшпандармен алысып, талай бәйтеректің тамырын қиып, төбесін күйдіргендер» (Қасен қарияның сөзі) монологы меңзеу арқылы күллі зұлымдық күші өмір философиясы контекстінде «есіңізде болсын біз міндетті түрде қайтып келеміз, қайтып келеміз!», «Біз тірі жүрмесек те біз сияқтылардың ізі мен көлеңкесі жер бетінде қалады» деп қарастырылады.
Жүректерінде екіжүзділік өскіні қылаңдаған жендеттердің доқтан етіп сес сездіруі көрушісін ашындырмай қоймайды. Әттеген-айы тергеушілердің дауыс қою, мимикалары бір-бірін жиі қайталап, өзіндік даралық белгісін таппауы.
(Әнші жігіт шақырылады)
– Ей, сорлы, жапон шпион екеніңді мойындайсың ба?
– (әрең) Иә, жапон шпион екенімді мойындаймын, бірақ жапон деген кім? …Тым болмаса біліп өлейін.
– Мынау контрреволюционершілер жағында осындай қайтпас қайсар жігіттердің бар екендігін біз мойындаймыз! (Басынан тарс ете қалады)
Бірақ оның қайтпас қайсарлығынан не пайда? Өлді де қалды сорлы! (шөлмектен арақ ішеді жендеттер)
Көріністің ең жоғары нүктесі – тапанша дауысы екінші күні қойылуында техникалық не самарқаулықтан туған олқылықтың орнын үш рет шүріппені басып, «Ажалы жоқ екен» деп күлумен толтыруға тырысқаны, әрине, импровизаторлық. Бірақ, әрекеттену түбі сәтсіз аяқталды. Кідіріс ұзап, уақытты қаруын түзеумен ысырап етіп алды. Осы суреттерден кейін Ахиконың «Мойындаймын, мойындаймын, мен шпионмын! Қол қойып беремін. Мен шпионмын, мен шпионмын» деуі тапаншаның суық тарсылынан кейін ғана мәндірек, жанды болушы еді. Кемшілік қайталанбайды деген ойдамыз. Бірінші күнгі үрей үдеткен жалбарыныш пен жендеттің шоқмейіл күлкісі қатар қабысып зор екпін тудырған етін. Тәсірі зор үрей ғайыптан емес, ойламаған ауыр соққыдан тууы тиіс.
Дарынды «қолыңа Құдайдың алмас қылыш бергенімен бірдей, тек игілікке пайдалануың керек» деп білетін жазушы гумандық идеясын көрерменге мүлдем жоғалтқызып, бірде қайта жақтырып, күдерін үзіп-жалғатып отырады. Бұл шеберлік – көрушіге алда не боларын білдірмеу, білген күнде барар жолдың хәлін сездірмей, құпия қалдыру. Сахнаға үңілушінің көңілін бір сәтке мүлгуге мұрсат бермес жетекші күш – спектакльдің басты капиталы.
Өртті селін көктен төккен бұ қысметтің қайырынан үміт етіп, келер күннің жарығын жүрегіне тоқыған ақсақал Ақайдың Қасені ойынын Бекжан Тұрыс өз биігіне қиналмай жеткерді. Көз көргеннен ой түйген, иман тұнған көкірек, Абыз тілі өзіне жарасты, кестелі. Дәуіріне сай шұрайлы. Актердің табиғатына туралай ділмар, сөзуар, бейнелі шыққан. Иманы берік, салмақты, ұрпағының бақытына сеніп, тілек ететін, ешкімнен сескенбейтін, тіпті зәлім Степанның қолын қайырып жіберетін ақсақал образына сүйсініп, іштей тілеулес болып отырасыз. Қай бояуы кем дейтін шикі кейіпкер емес. Ерлері үзіліссіз езгіден есі шығып, еңсесі түсер шақта «Жә, босамаңдар, босама, балам» деп демеп-сүйеген елдіктің жаршысы ел Абызына лайық дәрежеде «Бұл ел тумай жатып талай зобалаң көрді, талай нәрседен тарығып та, торығып та өскен. Біржола үнсіздікке берілмей, іштей медет еткен ұрпақтың өкіліміз. …Жаратқан ием жабыққанын көріп жебер, тарыққанын көріп демер» деп ертеңгі күнге қол созады. Ақылды актердің рөлі жалпы адамгершілік сапасын көрсету жағына талаптанатыны белгілі.
Қақыратып кеткен кеселді кезең құйыны сахнаны салқындатып отырады. Камера көріністерінде бәрі бірдей мұңды болғанымен (тауқымет – ортақ), характерлер картасында күрделілік сақталған. Нөмірленген жандардың сапқа түзілу моделі, мәлімдеулері әрқилы. Режиссердің абақты ұжымын көпүнді етіп жасақтауы оң шешім. Әрқайсы өз алдына характер. «Бір характерге күш беру үшін, екінші характерді нашарлатуға болмайды. Драматургтің міндеті – бәрін күшейту» (Дидро). Қателікке жол бермегені қуантады. Оңаша ой-толғанысы молырақ ішкі монолог, көрерменге қарата айтылған баяндаушы-герой сөзі, өзара әрекеттескен диалог та жеткілікті әрі өз орнымен. Бірсыдырғы одадай көрінер, бірақ төрт тұяғын тең басқан пьесаның бағы бес елі болса не дерсіз?!
Театрдың әрекетке құрылған табиғатын жете сезінген әртістер қауымы жауаптылықпен қараған. Спектакль сайын сан алуан өмір кешіп жүрген Дулығаның дүниетаным дорбасы бай, қоры жеткілікті. Әртіс шығармашылығының түрлену өнері принципіне сай Ахико ойналымы «мойындамаймын» мен «мойындаймынның» арасында тәуір реңк көрсеткен. «Түсінбестік болар» деп отырған он бес жасар бозбала көз алдында оққа ұшқан әнші қазақ жігітінің көрінісінен кейін шимайланған бағынышты сананың абдыраған, шатып-аптыққан, қатты қысымның құрсауында қалып қойған күрделі күйін сезінеді.
– Мен шпион емеспін?
– Енді?..
– Мен ақынмын!
Алаш туы астында күн сөнгенше сөнбейміз,
Кең даласын ешкімнің құрығына бермейміз.
Қандай шайтан келсе де алдауына көнбейміз,
Жасайды Алаш, Жасасын Алаш, Жасасын!
– Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов… Ө-өй, сен солардың итаяғын жалаған ит дейді ғой, а? Солай ма?
Типтік характерлерді типтік жағдайда ашудан өзге жол табу мүмкін еместігін айттық. Қақтығыс дамуында мағыналық жинақтылық, жүзі өткір аз сөзділік өнімді функция ретінде белгіленеді. Тіл – жүректің шөміші, әр кейіпкер өз мінезіне тән тілде сөйлеуі тиіс. «Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайтынын» (Абай) суреткер жақсы біледі. «Тағдырдың шешімімен сол бір елге байландым, батаңды бер, еркіме жібер» деген ұлының қалауын әке көңілқимастықпен шарасыз қабыл қылды. Әке сөзін шығындамай басынан сипап батасын ымдап, ишара етті. Бұ да – автордың мінезінен болса керек. Тура байлам. Көңіл аңғарып отырғанды қайта жаю артық. «Тежеу сезімінсіз суреткердің, әсіресе драматургтың болуы мүмкін емес» (Л. Толстой). Кейіпкер қару-қуаты, мұң-шуағы, күйін қырық құбылтатын күш – сөз. Мұнда жүк драматургке түседі. Әркім өзіне жарасып тұр, шығармашылық тежегіші дер кезінде қолданылған.
«Атадан жалғыз», елгезек ақын Ахметтің Ахикоға аманатын табыстар сәті талай ақтаңгер азаматтардың бейнесін елестеді. Еріксіз бас иесің. Ақсақал Қасен үмітсіздікке тоқтау салып, демесін айтқанда алғаш боп еңсе көтеріп, күш алған да Ақын Ахмет. Өйткені ол ақын ғой. А. Асхатұлына «Білесің бе, мен қорқам. Қанмен жазылған жырларымды келер ұрпақ оқи алмай ма деп қорқам, Ахико!» деген күдік-назы құйып қойғандай жараса қалған. Ал мінез танытар тұсы жоқтың қасы. Көзінде от жанып, қанатын кең серітетін жырлау заматы солғындау. Біздің эталонға айналған өр рухты жандардың ет пен сүйектен жаралғанын еске салып, сонда да туралығынан таймағаны таңдандырып-күрсінтеді.
«Иә, мен ұрымын. Үйде төрт шиттей бала-шағам аштықтан жанұшырып шырылдағаннан бір уыс бидай ұрлағаным рас» дейтін тергеудегі тұтқын әйелді көріп, көрушілердің көңілінен «бұлары несі» деп залымдарға қарсы лағынет жаудыртады. Ананың мейіріміне қарсы қастандыққа, күңгірт кабинеттегі тергеу, басқаша айтқанда «мойындату» үдерісіне үркі қараған Ахико «Бұлай болмайды, бұлай болмайды ғой (дауыс көтеріле береді). Не үшін, осының бәрі не үшін, кім үшін, неге мен, неге-е мен?» дей бергенде музыкалық әрлеу өз сиқырын іске асырады. Ерекше күй кешесіз. Бар тамырыңыз тулап, бойды жұлын жиырып алады. Ауырлап қаласыз.
Этнохарактер сілемдері бұлдырап, көктен төмен төнгенде қара жер бетін тұман бүркеп тұрғандай. Әрине, қазақтың рөліндегілер мінезі көңіл нанарлық, табиғи, онда талас жоқ. Айтарымыз, «ата-анасымен ойша сөйлесетін» жапон жеткіншегінің психопортреті алғашқы көріністерде ұлттық колориттік штрихтарды қажетсініп тұр. Қапас табалдырығынан кейінгі қазақ ішінде қазаққа бейімділік, этноадаптациялану түсінікті, орынды.
Ішкі дауыс ұлттық болмысты ашуға айқын қызмет етеді. Кейінгі бөлімде бүркеніп, бүрісіп жатқан баланың ішкі дауысын тыңдап көріңіз: «Сен темірден мықты жапон баласысың, өзгеге үлгі боп, жапон халқының қандай ел екенін көрсету керек!» дейді. Дәтке медет берген самурайтектілік жапон халқының этнопсихологиясы.
РКСФР Қылмыстық кодексінің 58 бабы бойынша 10 жылға бас бостандығынан айырылған айыпсыз Ахиконы абақты басқа қырынан танытады. Әнші. Салмақты. Ізетті. Г. Оспанов ойнауындағы карташыдай қақ-соғы жоқ, өз жасына тән, тәрбиелі. «Ғұмырын өнерге арнаған суретшінің әр сәті қимылдан тұрады. Ол тоқтаған емес, бір кезде суретші ұйықтап кетеді. Түсінде сарғайған жапырақтар, күз мезгілі және керемет табиғат…». Ауыр жұмыстан пана іздеген «жандайшап» ертегіші-тұтқынның тыңдаушысы Степан тек қан түсті ғана білетін. Сол бояумен ғана елестете алатын. Оған көк, сары, ақ пен жасыл да қантүстес. Бейсана қалыппында қан түсімен санасындағы сұмсуретті ажал ауызындағы картинасына бейнелейді. Зорлық-зомбылық атмосферасын қоюлата түскен басты жайт – суретші Степанның көпқыртысты ішкі әлемі. Ол әуелі – адам, өнерпаз. Бір кемдігі – түнекті психикаға бейім. Өнерпаздан зауал күту де заңдылық. Қолындағы құралы есі ауса, есепсіз сермеп қоңсысын мертіктіру мүмкіндігін автор саналы түрде аңғартқысы келген сияқты. Қ. Қыстақбаевтың жүрегінен сүзілген Степанның өткір сахналық бейнелілігі өмірден баз кешкенін ойдағыдай бере алды. Күрделі образ. Тамырына таудай талант, қуатты қабілет дарыса да ізгілігі жоғалғанның түбі тауаны шағылмақ.
Аға актерлардың ішінен Болат Әбділмановтың ойыны әдетінше «апама жездем сай» кейпінде. Өмірлік сабағы мен жас мөлшері, дайындығы өзара астасып, тістері кіріккен сағаттың барабандарындай байыппен қадірлі образдалған. Қазақтың қариясын көргенде қуанышпен құшақ жайған, абызына ауыз салған қызылдардың ісіне қабырғасы қайысатын, перзентіне пейілі түскен, хатын иіскеп оқып, әнін жатқа шырқайтын типтік қазақ әкесі. «Тау ішінде» әнін Сейфоллалық рухта мұңға шылап әуездетеді.
Осылардан кейін «Ахмет, біздің Жапонияда күн тура осылай шығады» деп күйдіріп күлдіретін Ахиконың диалогі. Аралық көңіл сергітер нота қажет тұсында қойылған. Егілген көрушінің қабылдау қапшығын қайта сілкуге таптырмас амал.
Спектакльдің тағы бір жаңалығы – Данагүл Темірсұлтанованың арысы мен ботасын іздеп